БАҚ арналған хабарлама
ШҚО: Бақылауға алынған азаматтардың бірде-біреуінде КОРОНАВИРУС ЖОҚ
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен Қазақстан Республикасының аумағында, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында Қытай Халық Республикасынан келген барлық Қазақстан азаматтары 14 күн мерзімге оқшауланады.
Коронавирусқа қарсы іс-әрекет ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін арнайы оқшауланған медициналық стационарлар қарастырылған.
ҚХР-дан облыс аумағына қайтып келетін әрбір Қазақстан азаматын шекарада медицина қызметкерлері тексереді. Егер жөтел, тұмау, дене қызуы және коронавирустың өзге белгілері болмаса, Қазақстан азаматы арнайы медициналық стационарға 14 күн мерзімге бақылауға орналастырылады. Осы кезең өткеннен кейін аурудың қандай да бір белгілері болмаған жағдайда ол азамат стационардан шығарылады.
Коронавирустық инфекция симптомдары анықталған жағдайда науқас бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылады.
Облыстың медициналық ұйымдары қажетті дәрі-дәрмектермен, маскалармен, қолғаптармен, сондай-ақ қорғау костюмдерімен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда арнайы медициналық стационарда 15 адам бақылауда жатыр (11 Қазақстан азаматы және 4 ҚХР азаматы). Бүгінде бақылауға алынған азаматтардың бірде-біреуінде коронавирус белгілері анықталған жоқ.
Қытай азаматтары Қазақстанға үшінші елдерден келген, олар транзиттік жолаушылар болып табылады және медициналық тексеру аяқталғаннан кейін (14 күн) елден кетеді.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы
Ілияс Мұхамеджан